Vecher.kz хабарлағандай, бағдарлама өте мазмұнды – шеберлік сабақтары мен тақырыптық секциялардың жұмысын қамтиды.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «Бүгінгі музыкалық түркітану: мәселелер мен перспективалар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр.

Дәл осы 80 жылдық тарихы бар еліміздегі ең көне музыкалық оқу орнында 1994 жылы алғаш рет «Түркі халықтарының музыкасы» атты халықаралық симпозиум өткен болатын. Бұл шара музыкалық түркітанудың ғылымның дербес саласы ретінде дамуына бастау беріп, бір бүтін зерттеуші буынға ықпал етті. Қазіргі өтіп жатқан музыкалық конференция сол дәстүрдің жалғасы болып отыр.

– Музыкалық түркітану сияқты ғылымның дамуын жалғастырып жатқанына қуаныштымыз. Соның арқасында басқа елдермен мәдени байланыстарымыз одан әрі нығая түсуде. Бұл бүкіл Орталық Азия үшін аса маңызды. Конференцияға қатысушы барша адамға жемісті жұмыс тілеймін, – деді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Гаухар Тасбергенова.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор, дипломат Дүйсен Қасейінов бұл конференцияның бүкіл Орталық Азия үшін зор маңызға ие екенін атап өтіп, оның ұйымдастырылуына қолдау көрсеткені үшін қала әкімдігіне алғысын білдірді.
– Бүгінде түркі тақырыбы гуманитарлық ғылымдарда ерекше маңызға ие болып отыр. Осы орайда, еліміздің мәдени астанасы – Алматы, тағы да түркі халықтарының музыкалық мұрасын зерттеу, насихаттау және сақтау мәселелерін талқылайтын маңызды пікірталас алаңына айналуда, – деді ол.

Мегаполиске тек түркітілдес елдерден ғана емес, сондай-ақ Ресей, Германия, Жапония, АҚШ, Польша және Словакиядан да жетекші мамандар келді. Көптеген сарапшылар конференцияға қашықтан қосылды.
– 1994 жылы өткен алғашқы симпозиум музыкалық ғылымның дамуына бағыт берді. Ол жылдары мен дәл сол кезде консерваторияның студенті болатынмын. Қуантатыны – сол кезде орнаған байланыстар үзіліп қалмай, керісінше, соңғы отыз жылда тіпті нығая түсті, – деді Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Раушан Нұртаза.
1994 жылғы алғашқы конференцияны ұйымдастыру және байланыстарды сақтап қалғаны үшін алғысын Түркияның Измир қаласындағы Эгей университетінің өкілдері де білдірді.

Конференция 14 сәуірде аяқталады. Бағдарлама өте мазмұнды: шеберлік сабақтары, тақырыптық секциялардың жұмысы, сондай-ақ «Түркітілдес елдердің ұлттық музыкалық аспаптары» атты халықаралық басылымның таныстырылымы жоспарланған. Айрықша оқиға ретінде – Булат Қарақұлов атындағы Түркі музыкалық мәдениеті мен мұрасын зерттеу жөніндегі жаңа ғылыми орталықтың ашылуы болмақ.
– ХХ ғасырдың соңында, тәуелсіздік алғаннан кейін, Орталық Азия елдерінің мәдениетіне, оның ішінде музыкалық мұрасына деген қызығушылық күрт артты. Жаңа орталықтың ашылуы музыкалық түркітанудың одан әрі дамуына және ғылыми байланыстардың нығаюына жаңа серпін беретініне сенемін, – деп бөлісті Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының музыкатану және композиция кафедрасының профессоры Сауле Өтегалиева.

Бұған дейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өткен болатын.