«Жан-жақты Шнитке» ұмытылмас концерті елорда тұрғындары мен қонақтарын туындылары қазіргі заманымыздың белгілі классикасына айналған XX ғасырдың екінші жартысындағы әйгілі композитор Альфред Шниткенің шығармашылығымен таныстырады. 17 сәуірде К.Байсейітова атындағы Камералық залда «Астана Опера» музыканттары мен шақырылған әртістер шебердің танымал шығармаларынан құралған мазмұнды бағдарламаны ұсынады.
«Астана Опера» оркестрінің музыканттары – скрипкашы Әнел Шәкірова мен флейташы Балжан Сапарова, сондай-ақ пианистер Салтанат Ақбасова мен Бекзат Ахмеров сирек ұсынылатын туындылардың шебер орындауын паш етеді. Концерт қатысушылары өткен ғасырдың ең айтулы композиторларының бірі қалдырған мұраның сан алуан, кейде тіпті бір-біріне қарама-қайшы қырларын ашып көрсетеді.
- Альфред Шниткенің шығармашылығы қабылдауға жеңіл әрі түсінікті, оның туындыларын эмоциялық тұрғыдан сезінбеу қиын. Композитордың музыкасы жолайырықта орналасып, «салмақты авангард» әлеміне бойлауға мүмкіндік беретін өзіндік бір кіреберіс нүктесі қызметін атқарады. Полистилистика техникасын шебер меңгеруінің нәтижесінде ол сипаты жағынан бір-біріне қарама-қайшы туындылар жасады. Сондықтан кейде бұл шығармалардың барлығын бір ғана автор жазғанына сенудің өзі қиын. Оның бірегейлігі де осында: авторы бір болса да, түрлі ғасырдың музыкасы шырқалып жатқандай әсерде боласың, - деп әңгімеледі театрдың бірінші скрипкалар тобының концертмейстері Әнел Шәкірова.
Кеш бағдарламасы осынау таңғаларлықтай кең диапазонды таныстыруды көздейді. Орындаушылар үш түрлі дәуірдің музыкасы ретінде қабылданатын үш ірі шығарманы паш етеді. Балжан Сапарова мен Салтанат Ақбасованың орындауында флейта мен фортепианоға ыңғайлаудағы «Көне стильдегі сюита» шырқалады, бұл туындыны оп-оңай шынайы барокко ма дерсіз. «Ревизиялық ертегі» спектаклінің музыкасынан екі фортепианоға ыңғайлаудағы танымал «Гоголь-сюитаны» Бекзат Ахмеров пен Салтанат Ақбасова ұсынады. Бұл формат үнге айрықша қанық бояу үстеп, пианистерге Шниткенің кекесінді екпінін жеткізуде бірін-бірі қолдауға мүмкіндік береді. Әнелдің өзі жұбайы, пианист Бекзат Ахмеровпен бірге айқындылығымен, тереңдігімен және ішкі көпқабаттылығымен ерекшеленетін Скрипка мен фортепианоға арналған №1 сонатаны орындайды.
- Бұл соната медитативті тыныштықтан бастап, қарқынды экспрессияға дейінгі адамға тән барлық сезім иірімін қамтиды. Мұнда Шнитке әрі стиль қалыптастыру шебері, әрі батыл экспериментатор ретінде танылады. Соңында күтпеген жерден кең таралған әндерге аллюзиялар естіледі. Бұл музыкаға кекесінді реңк беретін өзіндік бір шығармашылық «бұзақылық» іспетті, - деп атап өтті скрипкашы. – Алайда техникалық тұрғыда бұл өте күрделі жұмыс. Скрипкашыдан шебер секірулер мен қосарлы ноталар талап етіледі, ал пианистке рояльді «өңдеуден өткізуге», яғни ерекше, тіпті мистикалық әуенге қол жеткізу үшін ішектерді арнайы пластинамен бәсеңдетуге тура келеді. Мұндай тәсілдер үйреншікті аспаптарды жаңа дыбыстардың тұтас палитрасына айналдырады.
Әнел Шәкірова үшін бұл концерт ерекше жеке мәнге ие. – Жұбайым Бекзат Ахмеров екеуіміздің шығармашылық одағымыз бұдан ертеректе, яғни жас күнімізде өзіміз үшін камералық музыканы бірге ашқанда басталған еді. Бұл сонатаны өнер университетінде бітіру емтиханына дайындағанбыз, енді араға жылдар салып оған «Астана Опера» қабырғасында оралу біз үшін өте маңызды. Театр мен үшін кәсіби үйіме айналды, сондықтан бұл музыканы дәл осы жерде таныстыруды көптен бері армандаушы едім. Біз бұрыннан бірге өнер көрсетіп келе жатсақ та, мұндай камералық форматта дуэт болып осы сахнаға алғаш рет шықпақпыз. Уақыттың тығыздығынан мұндай бірлескен бағдарламалар жиі бола бермейді, сондықтан біз үшін бұл айрықша қуанышты әрі тебіреністі оқиға, - деп пікірімен бөлісті Әнел.
- Түрлі құрамдағы жұмыс мен үшін – құнды тәжірибе әрі кәсіби икемділікті сақтауға мүмкіндік. Салтанат Ақбасова – музыканы өте терең сезінетін әрі оны техникалық жағынан керемет жеткізетін орындаушы, ал Балжан Сапарова – салмақты мәскеулік мектепті меңгерген дәулескер флейташы. Осындай концертке дайындық әрдайым жанды пікір алмасуға айналады, біз мұнда бір-бірімізден үйренеміз және осылай бірге дамимыз. Сонымен қатар жаңа интерпретацияларға ашық болатынымыз Бекзат екеуіміздің көп жылғы отбасылық ансамблімізден туындайтын сенімді негізді керемет толықтырып тұрады, - деп қорытындылады Әнел Шәкірова.


