Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлының қайраткерлік тұлғасын, саяси тәжірибесін жүйелі түрде зерделеу мақсатында «Кекілбаев тұлғасы» атты кітап жарық көрді. 📔
🇰🇿 Кітаптың таныстырылымы дәл қазір ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өтіп жатыр.
Тұсаукесерге қатысушы зиялы қауым бұл еңбектің мазмұнын мемлекеттік қызметкерлерді даярлау ісінде ерекше өзекті деп бағалады.
Әбіш Кекілбайұлының қайраткерлік тәжірибесі мен басқару мәдениетін оқу процесіне енгізу жұмыстары басталды. Бұл үрдіс уақыт талабымен үндес. Өйткені қазіргі мемлекеттік қызмет тек әкімшілік дағдылармен шектелмей, терең тарихи танымды, ұлттық жауапкершілікті және саяси парасатты қажет етеді. Бұл қасиеттердің барлығы Әбіш Кекілбайұлының тау тұлғасына табиғатынан тән болды.
Кітапта Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңіндегі мемлекеттік басқару тәжірибесін, саяси мәдениет пен мемлекетшілдіктің үлгісін кешенді түрде қамтылған. Ресми құжаттар, баяндамалар, естеліктер мен тарихи деректер негізінде Абыз Әбіштің Парламенттегі қызметі, Мемлекеттік хатшы ретіндегі стратегиялық миссиясы, елдік мүдде мен қоғамдық келісімге қатысты ұстанымдары сараланып ұсынылды.
Бұл жұмыстың негізгі мақсаты – Әбіш Кекілбайұлының қайраткерлік болмысын бүгінгі мемлекеттік басқару жүйесімен сабақтастыра отырып, оның тәжірибесін нақты қолданбалы деңгейге шығару.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай мырзаның қолдауымен сәтті жүзеге асқан бұл жұмыстың негізгі үйлестірушілері – Абай Сейфуллаұлы мен Улан Айхожаев. Осы жас қаламгер көшбасшыларға Әбіш атасының рухы риза болғай!
Кітапта басымдық берілген құндылықтар – жауапкершілік, ұлттық мүддеге адалдық, дерекке сүйеніп шешім қабылдау, популизмнен биік тұратын саяси мәдениет, мәмілегерлік пен парасат – бүгінгі мемлекеттік аппарат үшін нақты тәжірибелік модель бола алады.
Әсіресе тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде мемлекеттік институттарды қалыптастырудағы Әбіш Кекілбаевтың рөлі ерекше назар аударуды қажет етеді.
Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, Парламент депутаты, Мемлекеттік хатшы ретінде атқарған қызметтері елдегі саяси жүйенің орнығуына тікелей ықпал етті. Бұл – қазіргі басқару жүйесі үшін сабақ болатын тәжірибе.
Біз де авторлар құрамында жұмыс істеп, Әбіш Кекілбайұлының мемлекетшіл ойлау үлгісіне ерекше мән бердік. Оның әрбір шешімі мен көзқарасының түбінде ұлттық мүдде, тарихи жауапкершілік және қоғамдағы тұрақтылыққа деген ұмтылыс жатыр. Сондықтан бұл кітапты мемлекеттік қызмет этикасы мен саяси мәдениеттің оқу құралы ретінде қарастыруға әбден болады. Осы арқылы біз жас буынға мемлекетке қызмет етудің нақты стандартын ұсынамыз, ал тәжірибелі кадрлар үшін кәсіби рефлексия алаңын қалыптастырамыз.
Қазірдің өзінде ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мақұлдауымен Yessenov University базасындағы Үздіксіз білім беру институтында мектеп мұғалімдеріне «Әбіштану» бағыты бойынша біліктілікті арттыру курсымыз іске қосылды. Бағдарламалық-әдістемелік контентіміз бар.
Ал енді бүгін қолға тиген еңбекті мемлекеттік қызметкерлердің, кадр резервіндегі тұлғалардың және сайланбалы органдарға кандидаттардың кәсіби біліктілігін арттыру жүйесіне енгізу жоспарланды.
Оқу бағдарламаларына қосу, арнайы дәрістер мен семинарлар ұйымдастыру, кейс-стади форматында практикалық сабақтар әзірлеу – бұл бағыттағы негізгі қадамдар. Сонымен қатар дөңгелек үстелдер, пікірталас алаңдары, тақырыптық кездесулер арқылы қайраткер мұрасын кеңінен талқылау да маңызды. Мұның бәрі мемлекеттік қызметкерлердің саяси мәдениетін арттырып, басқарудағы стратегиялық ойлау мен жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.
Игі бастаманың өңірлік деңгейде де жалғасын табуы аса маңызды деп санаймын. Әсіресе, Маңғыстау өңірі үшін біліктілікті арттыру курстарына енгізу, оқу модульдерін әзірлеу, жастар мен мемлекеттік қызметшілерге арналған танымдық іс-шаралар өткізу сияқты тұрақты жобаларды іске қосу – уақыт сұранысынан туындап отырған нақты қажеттілік. Бұл жұмыстар өңірлік кадрлардың кәсіби және құндылықтарға құрметін арттырып, мемлекетшілдік сананы нығайтуға мүмкіндік береді.
Әбіш Кекілбайұлының мұрасы – өткеннің де, бүгін мен болашақ мемлекеттік басқару жүйесінің де тірек нүктелерінің бірі. Оны зерттеу, жүйелеу және тәжірибеге енгізу – стратегиялық маңызы бар міндетіміз. Осы еңбегіміз арқылы тұлғаның қайраткерлік болмысын жаңа деңгейде танытып, оның мемлекетшілдік идеясын қазіргі қоғам игілігіне айналдыруды көздейміз.
Жаңа кітап құтты болсын, достар!
@ Бақтыбай Жайлау




