Алматы қаласында Құрманғазы атындағы ҚҰК студенттері және педагогтарымен белгілі дирижер, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бурибаев кездесу өткізді.
Қонақты Қазақ ұлттық консерваториясында ыстық ықыласпен, ду қол шапалақпен қарсы алды. Алан Бурибаев консерваторияның скрипка және опера-симфония дирижерлеу класын тәмамдаған түлектердің бірі. Маэстро көрермендермен жылы амандасып, педагогтарына құрметпен қарады. Оның жүректі елжірететін сөзі және қарапайымдылығы бірден жылы, достық атмосфера тудырды.
– Алматы консерваториясымен бүкіл отбасымның өмірі тығыз байланысты, – деді Алан Бурибаев әңгіме барысында. – Арғы атам Ахмет Жұбанов 1944 жылдан бастап ректор болып, жоғары оқу орнын қалыптастырудың негізін қалады. Қызы Ғазиза Жұбанова да осы лауазымда көп жыл еңбек етіп, консерваторияның дамуына зор үлес қосты. Ата-анам да осы білім ордасын тәмамдаған. Әкем Асқар Бурибаев – виолончелист, анам Шолпан Жұбанова – пианист, доцент. Ол осы еңбек ұжымында өмір бойы жұмыс істеді. Біз, бауырым Элмар екеуіміз, консерваторияда білім негізін қаладық. Өзім қазір 80 жылдық мерейтойын атап отырған консерваторияға шексіз алғысымды білдіремін.
Әрі қарай кездесу "сұрақ-жауап" форматында өтті. Дирижер музыкалық шығармамен қалай жұмыс істейтіндігі туралы сұраққа Алан Бурибаев былай жауап берді:
– Композитордың шығармашылығы идеядан партитура жасауға дейін созылады. Дирижер керісінше: партитурамен танысып, музыкаға бойлай отырып, шығарманың идеясын түсінеді. Қазір жасым 45-те, мен шығармашылық өмірімде анау-мынау шығарманы жасауға шабыт берген композиторлардың идеясына енуге тырыстым. Мұны маған консерваториямыздың ұстаздары, дирижерлер Нұрлан Салауатұлы Жарасов пен Төлепберген Әбдірашұлы Әбдірашев үйретті. Айтпақшы, бітіру емтиханында мен Жәния Әубәкірова Камиль Сен-Саенстің екінші фортепианолық концертінің солисі болған бүкіл концерттік бағдарламаны жүргіздім. Келесі кезеңде менің білімімді Вена мен Лондондағы музыка университеттерінің оқытушылары шыңдады.
Алан Бурибаев Алматы консерваториясын үздік бітіріп, Вена музыкалық және орындаушылық өнер университетінде профессор Урос Лажовицтің жетекшілігімен білімін жалғастырды. Осыған байланысты көптеген студенттерді маэстро өзінің музыкалық білімін «толық» сезінді ме деген сұрақ қызықтырды. Ал Алан Бөрібаев білім алу диплом алумен бітпейтінін, өйткені көркемдік ізденіс бітпейтін процесс екенін баса айтты.
Әңгімеге консерватория ректоры Гауһар Тасбергенова да қосылды. Олар 2015 жылы «Абай» операсын Астанада қоюға бірге қалай дайындағандары туралы әңгімеледі. Гауһар Қошқарбекқызы ол кезде «Астана Опера» театрында концертмейстер болып жұмыс істеген. Операны итальяндық театр режиссері Джанкарло дель Монако қойды.
Профессор Тамара Жұмалиеваны опералық қойылым режиссерлерінің сценографиясын толығымен өзгертетін жағдайға маэстроның көзқарасы қызықтырды.
– «Еуропада операның дәуірі, тіпті сюжеті де өзгеріп жатқан кезде режиссерлік опералық қойылымдар белсенді дамып жатыр», - деп жауап берді Алан Бурибаев. – Қазақстанда дәстүрлі опералық бағыт басым. Менің ойымша, екі бағыттың да өмір сүруге құқығы бар. Ең бастысы, ол талантты. Бұған мысал ретінде Германияның Майнинген қаласында «Абай» операсының сәтті қойылуын айтуға болады. Онда оқиға 20 ғасырдың 30-жылдарына ауысты, Айдар орыс киномеханигі болды. Кең мағынада «Абай» операсы Шығыс пен Батысты байланыстыратын көпір. Операның соңғы сахнасындағы «Тау шыңдары» керемет хорын еске түсірейік. Бұл Абайдың Михаил Лермонтовтың өлеңін еркін аудармасы, ол өз кезегінде Иоган Вольфганг Гетенің аудармасы.
Студенттердің басқа да сұрақтарына жауап берген Алан Бурибаев музыкалық шығармаларды интерпретациялау кезінде авторлық леп пен қарқынды сақтауға тырысу керектігін атап өтті. Дирижер мен оркестр музыканттарының өзара қарым-қатынасы қандай болуы керек дегенге келсек, маэстро нық сенімді: музыка негізіндегі қарым-қатынас процеске қатысушылардың барлығына қуаныш сыйлауы керек, өйткені бұл жанды позитивті өнерді құрудың бірден-бір жолы.
Жиын соңында Алан Бөрібаев соңғы кездегі шетелдік жобалар мен алдағы жоспарларға тоқталды.
– Мен жуырда Румынияда Джордже Энеску халықаралық скрипкашылар байқауында болдым. Бұл жолы 19 оркестрлік скрипка концертімен таныс болдым. Сонымен қатар, Будапештте Модест Мусоргскийдің «Борис Годунов» операсын қойдым. Сондай-ақ, Тасманияға жасаған сапарымда Николай Римский-Корсаковтың «Шехеразадасын» және Александр Бородиннің «Половецкие пляски» шығармаларын оркестрмен орындадым. Алда Токио және Германияның Нюрнберг қалаларына сапар жоспарлап отырмын, – деді Алан Бурибаев. – Қазақстанда желтоқсан айының соңында Almaty Theatre сахнасында «Париж. Қала үні» атты жаңа жылдық концерт өткізетін боламын, – деп сөзін аяқтады.