10 қыркүйекте «Астана Опера» театрының К.Байсейітова атындағы Камералық залында «Алан Бөрібаевпен тарих-концерт» авторлық топтамасының үшінші концерті ұсынылады.
Оның алдында өткен Людвиг ван Бетховеннің Жетінші симфониясы мен Роберт Шуманның «Рейндік» симфониясы жайлы екі концерт көпшіліктің ыстық ықыласын туғызған еді. Көптеген көрермен концерттен жаңа тәжірибе алғандарын, уақыттың қалай жылдам өткенін байқамай, кештің әрі қарай жалғасқанын қалағандарын айтты.
Бұл жолы бағдарламада бірден төрт ұлы композитор кездеседі. Антонин Дворжактың «Карнавал» жарқын увертюрасы оның Америкаға аттанатын уақытынан сәл ертерек жазылған. Эдвард Григтің «Аққу» әсерлі әні де осы кеште ұсынылады. Сондай-ақ Рихард Штраустың «Ертең!» және «Кешкі арай» оркестрлік әндері де шырқалады. Айта кетейік, бұл туындылардың арасын жарты ғасырдан астам уақыт бөліп тұр. Осы концертте орындалатын тағы бір шығарма XX ғасырдың алғашқы ірі симфонияларының бірі Ян Сибелиустің Екінші симфониясы болмақ. Мұндай әртүрлі туындыларды не біріктіреді және неліктен дәл осы шығармалар қатар қойылды деген сұрақ – кеш бағдарламасының басты сауалдарының бірі.
Топтаманың әр концертінің басты назары ірі симфониялық туындыға аударылған. Бұл жолы мұндай шығарма Сибелиустің Екінші симфониясы болады, ол қазақстандық сахнада өте сирек шырқалады және «Астана Опера» сахнасында алғаш рет таныстырылады. Маэстро үшін бұл туындының маңыздылығы зор, осынау сүйікті симфонияларының бірін ол әртүрлі елдерде орындаған. Гастроль кезінде Прагадағы Чех филармониясының абонементі аясында Норрчёпингтің швециялық симфониялық оркестрімен бірге, сондай-ақ Ұлыбританияда Корольдік филармониялық оркестрмен бірге өнер көрсетулері айрықша есте қалған.
«Алан Бөрібаевпен тарих-концерт» топтамасында дирижер көрермендермен ерекше әңгімелесу форматын жасады. Концерт кезінде ол залға үн қатып, партитураның жекелеген үзінділеріне тоқталады, оларды оркестрмен бірге көрсетеді, ал кейде байланысты ашу, қауымдастықты айшықтау үшін және естіген нәрсеге деген көзқарасты кенеттен өзгертетін интонацияны еске салу үшін мүлде басқа туындыларға ойысады. Мұнда маэстроның өзінің темпераменті айрықша сезіледі. Баяндаушының материалды бүге-шігесіне дейін білуі, зор орындаушылық тәжірибесі мен сирек қабілеті оған аудиторияны өзімен бірге еркін жетелеуге, күрделі дүние жайлы қызықты әрі нақты әңгімелеуге мүмкіндік береді. Ол концертті академиялық дәріске айналдырмайды, өйткені мұндағы әңгіме ешқашан да ноталар жайлы әңгімемен ғана шектелмейді. Баяндаушы өнер, әдебиет, тарих, философия сынды тақырыптарға оңай ойысады. Нәтижесінде залда ерекше сенімді атмосфера пайда болады, жанды байланыстың арқасында орындаушылар мен көрермендер осынау кешті бірге бастан кешіреді.
Кештің көркін әншілер келтіреді. Концерттің жалпы идеясының бір бөлшегіне айналатын вокалдық нөмірлер бағдарламаның басты туындысымен ассоциативті түрде немесе тікелей байланысты.
Концертке Мәдина Исламова (сопрано), Артур Ғабдиев (тенор) және «Астана Опера» симфониялық оркестрі қатысады. Дирижер тұғырында – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Астана Опера» театрының бас дирижері Алан Бөрібаев.

