Домбыраның небәрі қос ішегі қуаныш пен мұңды жеткізіп, ата-бабалар ерлігі мен туған жердің сұлулығы және адам рухының қуаты туралы сыр шерте алады. Жыл сайын шілденің бірінші жексенбісінде атап өтілетін Ұлттық домбыра күнінің дәл осы музыкалық аспапқа арналуы кездейсоқ емес. Биыл бұл мереке 5 шілдеге сәйкес келеді. Осыған орай «Астана Опера» 4-6 шілде аралығында көрермендерді театр фойесінде жайғасатын «Басты рөлде – Домбыра» тақырыптық көрмесін тамашалауға шақырады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтетін экспозицияны осы кезең аралығында театрда өтетін қойылымдардың біріне немесе экскурсияға билет алған жандар тамашалай алады. Көрме келушілерге театрдың шығармашылық өмірінде домбыраның қандай рөл атқаратыны жайлы мағлұмат береді. Көрермендер «Астана Операның» бейне таныстырылымы мен мұрағаттық материалдарынан ұлттық аспап спектакльдердің ұлттық нақышын айшықтайтын маңызды көркемдік бейнеге айналған қойылымдар туралы біле алады.
Көптеген жыл бойы домбыра қазақ мәдениетінің басты символдарының бірі болып қала беруде. Күйшілік өнер арқылы халық өзінің тарихын, өмір философиясын, елеулі оқиғалар мен біртуар тұлғалар жайлы естелігін жеткізген. Аңызға айналған күйшілердің туындыларында күні бүгінге дейін музыканттар мен тыңдармандарды шабыттандырып келе жатқан Ұлы даланың үні сақтаулы.
Бүгінде домбыра еліміздің басты театрының қабырғасында да батыл күмбірлеп келеді. «Астана Операның» көптеген әртісі үшін бұл аспап жеке тарихының бір бөлігі болып табылады. – Кез келген қазақ отбасында домбыраның болуы заңды құбылыс, - деп әңгімеледі театр дирижері, «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзин. – Әкеміздің домбырада шебер ойнауының арқасында кішкентайымыздан осы бір ғажайып аспаптың үнін естіп өстік. Музыканы ықыласпен қабылдайтынымды, домбыраға деген қызығушылығымды байқаған әкем мені алдына отырғызып алып, домбыра шертуді үйрететін. Ол кезде мен алты жаста едім. Ең бірінші маған домбыраның қыр-сырын меңгерткен әкем болса, одан кейін өнер жолымда керемет ұстаздарды жолықтырдым. Көкшетаудағы балалар музыка мектебіне оқуға түскенімде ұстазым Серік Сәрсенбаевтан,
одан кейін Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ музыкалық мектеп-интернатында ұстаздарым профессор Айтжан Тоқтағанов, Гүлперизат Ұлтарақовадан білім алдым. Домбырашылық өнерде қандай да бір табысқа жетуім сол кісілердің арқасында деп айтар едім. Өзіміздің театрымыздың сахнасына домбырамен жиі шығып тұрамын, шетелге гастрольдер кезінде де домбырамен талай өнер көрсеткен кездерім болды. Жалпы, «Астана Операның» концерттері мен спектакльдерінде домбыраның күмбірлеген үнін жиі естуге болады. Бұл, ең алдымен, театр репертуарында ұсынылған ұлттық спектакльдерге қатысты, мәселен, Ахмет Жұбанов, Латиф Хамидидің «Абай», Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара», Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс», Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу», Серікжан мен Әліби Әбдінұровтардың «Қыпшақ қызы Аппақ» операларында әртістер домбырамен айтылатын шығармаларды орындайды.
Опера труппасының солисі Бейімбет Таңарықовтың да осы аспаппен байланысты қызықты хикаясы бар. – Өнерге жақын болып өсуіме ата-анам зор әсер етті. Отбасымызда әкем де, анам да ән айтатын, оларға қарап үйдегі тоғыз бауырым және мен барлығымыз ес білгелі домбыра шертіп, қонақтар келгенде міндетті түрде өнерімізді паш ететінбіз. Кішкентайымнан радиодан КСРО Халық әртістері Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Ришат Абдуллин, Қазақстанның халық әртісі Мүсілім Абдуллиннің орындауындағы әндерді сүйіп тыңдайтынмын. Опера өнеріне деген қызығушылығымның оянуына осы аға буынның шығармашылығы әсер еткен шығар деп ойлаймын. Ерекше атап өткім келетін жайт, 20 жылдық шығармашылық қызметімде қолымнан домбыра түскен емес. Біржанды, Шегені, Әзімді айтсам да, сахнаға домбырамды ұстап шығамын. Менің кішкентай кезімнен әнге және сонымен қатар қазақтың қара домбырасына әуес болып өскенім сахнада осылай көрініс тапты, - деп түсіндірді әнші.
Жетекші балет солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Рахматуллаев осы жылы «Хабар» телеарнасының «Оян» таңғы бағдарламасында композитор Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқыны» күйін керемет орындаған еді.
– Домбыра – қазақ халқының киелі аспабы. Менің домбыраға, жалпы музыкаға деген махаббатымды оятқан жан – менің атам Рахматулла. Ол күмбірлетіп күй ойнағанда құлақтың құрышы қанатын. Мен ол кезде кішкентай болсам да, бәрі күні кешегідей есімде қалыпты. Атам домбыра шерткенде мені жанына отырғызып алып, домбыраның құлағын маған ырымдап тістетіп қоятын. Марқұм атам «Сен менің жолымды қуып, күйші боласың» деп айтып отырушы еді. Тағдыр жолым мені балет әлемімен тоғыстырғандықтан домбырашылық өнерді кәсіби тұрғыда меңгеріп үлгермесем де, қазақтың күйлерін домбырада нақышына келтіре орындай алатын жайым бар. Көптеген отырыста немесе шараларда әріптестерім, достарым «домбырада ойнап берші» деп жиі қолқа салып жатады, мен осыған тек қуанамын, ұлттық аспабымызды қашанда дәріптеп жүремін, - деп қорытындылады жетекші балет солисі.
Театр ұжымы қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтайды, ал әртістер бұл күн қазақ халқымен бірге ғасырлар бойы жасасып келе жатқан музыканы қайта тыңдауға, ұлы күйшілерді еске алуға және өзің үшін ұлттық өнердің жаңа парақтарын ашуға тамаша мүмкіндік екенін атап өтті.






