Кореяның Ұлттық опера солистерінің орындауындағы «Opera voyage» концерті «Астана Операдағы» «Опералия-2026» фестивалінің жарқын оқиғаларының бірі болды. Кештің бағдарламасы екі үлкен бөлімнен, соның ішінде қазіргі заманғы кореялық «Тағдыр жазуы» операсының үзінділерінен және әлемдік опера репертуарының жауһарларынан тұрса да, ең әсерлі сәт шынымен күтпеген бис болды.
Ресми бағдарламадан кейін қошемет басылған кезде, «Астана Опера» театрының К.Байсейітова атындағы Камералық залында көрермен тынысы тарылды. Кореялық әртістер Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы» әнін шырқады. Бұл әуенді бала кезінен естіген көрермен үшін бұл нағыз тосын сый болды. Бір сағат бұрын Дж.Верди және Дж.Пуччини арияларын орындаған жас корей әншілерінің опералық дауыстары мүлдем басқа әуезге бөленіп, залды ғаламат әрі жылы атмосфераға толтырды.
- Абай әндерін кішкентайымыздан тыңдап өстік қой, бірақ оның әнін корей қонақтарының орындауында естимін деп ешқашан ойламаппын. Маған концерт өте ұнады, барлық әртістер жоғары орындаушылық деңгейін көрсетті. Осы музыкалық кешке барар алдында мен интернеттен Кореяның ұлттық операсы 1962 жылы құрылғанын және Корея Республикасының жетекші опера компаниясы екенін оқыдым. Ұлттық өнер ұйымы ретінде ол әлемдік деңгейдегі қойылымдарды ұсынады әрі елдегі опера өнерінің дамуында шешуші рөл атқарады. Менің ойымша, бүгін бәріміз бұған көз жеткіздік, – деді көрермен Сәуле Ибрашева.
Тыңдарман қауым негізгі бағдарламаны да жылы қабылдады. Лим Чжунхидің «Тағдыр жазуы» операсына арналған бірінші бөлім бір деммен өтті: төрт солист – сопрано Чхве Ёнвон мен Чин Чуын, тенор Ким Хансон және баритон Нам Кичхан – ғашықтардың шатасуы туралы осы күлкілі оқиғаны ойнақы жеткізді. Олардың дауысы ойнақы интонациялармен («Күйеуге шыққым келеді», «Әйел әдемі болуы керек»), шынайы лирикалық сезімдермен («Мен сені көрген сәт», «Егер мен сенімен болсам») оңай жарқырап тұрды және музыканың шығыс сарыны еуропалық опера формасымен органикалық түрде үйлесіп жатты.
Концерттің екінші бөлімінде әртістер классикалық еуропалық репертуарға ауысты – мұнда олардың кәсібилігі жаңа қырынан ашылды. Дж.Пуччинидің «Қарлығашынан» Магданың жүрекке жылы тиетін ариясы Чхве Ёнвон орындаған кезде залда құлақ тұнар тыныштық орнады, ал, Ш.Гуноның әйгілі Ромео серенадасында тенор Ким Хансон жоғарғы ноталарды еркін меңгергенін көрсете білді. «Травиатаның» дуэті ерекше шықты: әншілердің дауыстары Дж.Верди Альфред пен Виолеттаның екеуара сезім білдірген сәтін вальс ырғағымен жеткізе білді. Екінші бөлім соңында үш корей әні орындалды. Онда вокалистер ұлттық поэтикалық екпін-ырғақтың мінсіз техникасы мен терең түсінігін таныта алды. Кеш соңында шырқалған «Көзімнің қарасы» нағыз мәдени бауырластықтың символы іспетті әсер етті.
Концерттен кейін сопрано Чхве Ёнвон өз әсерімен бөлісті. – Бұл менің Астанадағы алғашқы өнер көрсетуім, мен өте қуаныштымын – қазақстандық көрермен қауыммен кездесу мен үшін үлкен мәртебе. Мен заманауи корейлік «Тағдыр жазуы» операсынан Сохян рөлін орындадым. Осы қойылым арқылы мен қазақстандық аудиториямен музыка арқылы байланыс орнатып, корей операсының ерекше сұлулығы мен эмоциялық тереңдігін жеткізуге тырыстым. Елордалық көрермен қауымға айтарым: біздің өнеріміз әр көрерменге жылы әрі ұмытылмас әсер қалдырды деп үміттенемін. Егер бұл концерт сіз үшін Кореяны ашуға және корей мәдениетіне қызығушылық танытуға сеп болса, мен үшін бұл зор қуаныш.
Тенор Ким Хансон да өз әсерімен бөлісті. – Иә, бұл менің Астанадағы алғашқы концертім болды. Өз басым жаңа қаланың көрерменімен кездесуді асыға күттім. Бұл концертте мен әртүрлі вокалдық шығармаларды – опера арияларын, ансамбльдік нөмірлерді және корей көркем әндерін орындадым. Мен әр шығармаға тән эмоциялар мен сезімдерді жеткізуге шын жүректен тырыстым. Музыканың тілдік және мәдени шекараларды еңсере отырып, адамдарды біріктіретін ерекше күші бар деп санаймын. Осы өнер көрсетуім арқылы мен Астана жұртшылығымен әсерлі сәттерді бөлісіп, өзара мәдени түсіністік үшін құнды мүмкіндік жасағым келді, – деп түйіндеді әнші.







