23 сәуірде елімізде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы нәтижесінде пайда болған Ұлттық кітап күні атап өтіледі. Бұл күні кітап оқудың пайдасы, кітапханалар мен басқа да рухани құндылықтар жайлы кеңінен айтылады. Ал сіз «Астана Опера» репертуарының 90% негізінде әдеби туындылар жатқанын білесіз бе?
Көрермен «Астана Опера» сахнасында Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсын тыңдаған кезде әсем ариялардан ләззат алады және оның көз алдында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының тараулары ашылады. Либретто кітаптың мазмұнын қайталап айтып бермейді, дұрысы оның ішкі иірімдеріне бойлайды. Абай әлемін көрсететін кітапхана сахнасының өзі неге тұрады? Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы да дәл солай: қазақ халық поэмасы театрда Ғабит Мүсіреповтің либреттосы нәтижесінде шырқалды. Демек, операға келген көрермен оқырман бастан кешетін жолды қайта жүріп өтеді, тек мұндағы эмоциялар оркестрдің үнімен, әртістердің актерлік шеберлігімен және, әлбетте сахнаның сән-салтанатымен еселене түседі.
Дегенмен «Астана Опера» ұлттық классикамен ғана шектелмейді. Дж.Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсын алып көрейік. Чио-Чио-санның жан тебірентерлік хикаясының артында Дэвид Беласконың «Гейша» драмасы жатыр. Оны либреттошылар Луиджи Иллика мен Джузеппе Джакоза опера мәтініне айналдырды. Ал танымал «Севильдік шаштараз» - шын мәнінде Пьер Бомаршенің комедиясы, тек мұнда кейіпкерлер Дж.Россини музыкасының тілінде үн қатады. Чезаре Стербинидің либреттосы түпнұсқаның барлық жарқылын сақтады. Сондықтан бүгінде көрермендер Фигароның қылықтарына күле отырып, бір уақытта композитор мен XVIII ғасырдағы француз драматургіне қол соғады. Ал Дж.Пуччинидің «Турандот» операсы либреттосының негізінде ХІІ ғасырдағы парсы поэзиясының классигі Низамидің поэмасы жатыр. Бұл поэма ХVIII ғасырдағы парсы ертегілерінің еуропалық жинақтарына енгізілген еді, италиялық драматург Карло Гоцци оны өзінің «театрға арналған ертегілер» жанры үшін осы жинақтан алған.
Театрдың балеттік репертуары да сүйікті кітаптардың жанды сипаттамасы іспетті. Юрий Григоровичтің хореографиясындағы көпшілік жақсы көретін «Щелкунчик» спектаклі көрермендерді Эрнст Теодор Амадей Гофманның көңілсіз әрі ғажайып хикаясына жетелейді. Онсыз қарапайым ойыншықтың Тышқандар патшасын қалайша жеңе алатынын түсіну мүмкін емес. Ал сахнада Ролан Петидің хореографиясындағы «Париж Құдай анасының соборы» жүретін кезде көрермен Виктор Гюго романынан Эсмеральданың танымал билері, собор қабырғасындағы хикаяның қайғылы соңы сынды көріністерді таниды.
Тіпті «Астана Операның» балаларға арналған репертуары да кітаптардың айналасында құрылады. Цезарь Кюидің «Етік киген мысық» опера-ертегісі (Марина Польдің либреттосы) – Шарль Перроның, ал Дюла Харангозоның «Ақшақар мен жеті ергежейлі» балеті – ағайынды Гриммдердің нақ өзі. Осылайша театр кішкентай кезінен бастап жас көрерменді кітап пен спектакль бір хикаяның екі есігін ашады деген қарапайым ойға баулиды.
«Астана Опера» әртістері бұл туралы бәрінен де артық біледі. Кез келген рөлге дайындалу барысында олар ең алдымен қолға әдеби дереккөзді алады. Онсыз кейіпкердің мінезін, автордың интонациясын түсіну мүмкін емес. Жизельді орындайтын балерина елес қыздар жайлы аңызды оқыса, Виолеттаның партиясын дайындап жатқан опера солисі Александр Дюманың (кіші) «Камелия ұстаған ханым» романын қайта ашады.
Біз әртістерден бос уақытында нені оқитынын сұрап көрдік. Олардың жауаптары әртүрлі болып шықты: көбісі Абайдың Қара сөздерін, қазақ поэзиясын сүйіп оқиды, енді біреулері детектив жанрын құп көреді, ал басқалары философиялық әрі психологиялық кітаптарды оқумен шұғылданады. Кейбіреулері кәсіби біліктіліктерін шыңдау үшін арнайы бағыттағы әдебиеттерді оқиды, өйткені «Астана Операдағы» жұмыс – бұл үздіксіз білім алу процесі іспетті. – Джузеппе Вальденгоның «Мен Тосканинимен ән айттым» атты еңбегіне тоқтала кетейін, бұл мансабыммен тікелей байланысты болған алғашқы кітап. Мен одан өзіме керекті көптеген пайдалы дүниені таптым: сахнада өзімді қалай ұстау керегін, дауысым залға жақсырақ естілуі үшін қай жерде тұру керектігін және осы секілді басқа да қажетті кеңестерді алдым, - деп пікірімен бөлісті Расул Жармағамбетов.
Оның әріптесі, «Астана Опера» симфониялық оркестрі фагот тобының концертмейстері Әсет Нелдібаев Астрид Линдгреннің «Балақай мен Карлсон» ертегісін бала кезінен қатты жақсы көрген. – Мультфильм түсірілген қысқа нұсқасын емес, толық әрі үлкен трилогияны оқитынмын. Бұл мен үшін нағыз жаңалық болды, ол сондай көлемді, жан жылытарлық әрі аздап бұзық хикая. Осы ертегі өмір бойы менің жадымда сақталып қалды. Есейе келе, мен әсіресе көне, классикалық детективтерді ұната бастадым. Солардың ішінде Агата Кристидің еңбектері ерекше орын алады. Мен оның романдарын қайта-қайта оқи аламын, сонда да олар мені еш жалықтырмайды. А.Дюманың шығармалары да мен үшін сондай: әрине барлығы «Үш нояннан» басталған еді. Қазіргі заманғы жазушылардың ішінде маған Бернар Вербер қатты ұнады. Айтайын дегенім, мен оған кездейсоқ тап болдым: біреу маған «Періштелер империясы» кітапшасын қалдырып кетіпті. Сөйтіп оны бір кеште оқып шықтым, тіпті түні бойы оқыған шығармын, десе де мен өзімді осы жанрдың жанкүйерімін деп айта алмаймын. Кейін Вербердің «Құмырсқалар», «Құмырсқалар революциясы» барын білдім, мұның бәрі сондай жұмбақ әрі философиялық әдебиет. Ол біртүрлі болып көрінгенімен, өте қызықты. Ал жалпы, жаныма жақын әдебиетті таңдайтын болсам, детективтер мен тарихи кітаптарға тоқталар едім, - деп атап өтті музыкант.
Театрда қолына кітап ұстаған әртістерді де, қызметкерлерді де жиі кездестіруге болады.
- Барлығын Ұлттық кітап күнімен құттықтаймын. Бұл күн бізге жақсы әдебиет сіз бен біздің интеллектуалдық дамуымыздың негізі екенін еске салады. 23 сәуірде қолыңызға кітап алғанда дәл осы сәтте «Астана Операда» шымылдық түріліп жатқанын есіңізге түсіріңіз. Тура сіз оқитын сол бір хикаяны сахнада оркестр музыканттары, опера немесе балет солистері баяндап жатуы мүмкін. Біздің театрға келіп, сүйікті туындыларды тамашалаңыздар, өйткені олар кітаптың соңғы бетінде аяқталмайды, олар сахнамызда өмір сүреді, - деп құттықтауын жеткізді театр директоры Александр Совостьянов.






