Қаз
«Cultural Legacy Fund»
МӘДЕНИЕТ ПЕН КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯНЫ ҚОЛДАУ ҚОРЫ
 

Қаршымбай (Қаршыға) Ахмедияров

Бүгін – күйші, концертмейстер және соло-домбырашы, Қазақ КСР халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Қаршымбай (Қаршыға) АХМЕДИЯРОВТЫҢ Қаршыға АХМЕДИЯРОВ, ҚР халық әртісі, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: (1946-2010) туған күні.

Шертпе күйдің дәл төкпе күйше дамымай қалуын А.Жұбановтан көретін адамдар қатты қателеседі

– Қаршы-еке, сізді қазақ күй өнерінің «визиттік карточкасы» десек, ешкімнің таласы болмас. Қос ішекті домбырамен қазақтың құдіретті күй өнерінің бағын ашып, байлығын еселеген санаулы саңлақтардың бірісіз. Осы тұрғыда сіздің алдыңыздағы, қатарыңыздағы талантты ұрпақ өздеріне көмектескен, жолын ашқан мемлекеттік қайраткерлерді мақтанышпен ауызға алып отырады. Сол сияқты сіз, мәселен, қазақтың өткен ғасырдағы заңғар тұлғасы Д.Қонаевпен жақынырақ араласып, жеке қабылдауында бола алдыңыз ба?
– Ол кісінің жеке қабылдауында бола алмадым және алдына арнайы сұранып та барғаным жоқ. Эрик Хонеккер деген ГДР-дің бірінші хатшысы болды ғой, сол кісі Алматыға келгенде, домбыра тартуға мені шақырды. Сол кезде Димекеңнің алдында осы өзіңіз сияқты қатар отырып, домбыра тарттым. Күй шертіп отырып, көзіне көзім түсіп кетті, маған қарап, нұрын шашып отыр екен. Өзі жер бетінде нұры шашырап тұратын адам көп емес, соның бірі – осы Димаш ағамыз ба деп ой түйемін. Кейін мен «халық әртісі» атағын алғанда ол кісінің үйге телефон шалып, құттықтап, ықыласын білдіргені бар.
– «Жаңадан қазақ совет өнерінің қалыптасу кезеңінде біздегі музыка мәдениеті төкпе күйден басталды. Мәселен, Құрманғазының бүлікшіл тағдыры сол кездегі кеңестік идеологияның талабымен үйлесе кетті де, Құрманғазы бірінші орынға шықты. Ал шертпе күйдің көрнекті өкілдері – Бәйжігіт пен Тәттімбет шіріген бай, дворян болғандықтан, бұл талапқа сәйкеспеді. Оның үстіне Құрманғазының асау күйлері 1934 жылы А.Жұбанов құрған домбырашылар оркестрімен жымдаса кетті де, гүлденіп сала берді. Ал шертпе күй шет қалып, эфирге жіберілмеді» деген пікірлерді естіп қаламыз. Бұған Құрманғазы күйлерінің ең шебер орындаушысы, жеткізушісі, насихаттаушысы, зертеушісі ретінде не дейсіз?

– Бұл – тарихты білмейтін, тарихты білсе де күйдің тарихын білмейтін, күйдің даму сатысынан хабары жоқ адамдардың сөзі. Қазір шертпе күйді дамытуға кім бөгет болып отыр? Консерваторияда 2001 жылдан бастап Тәттімбет атындағы шертпе күй класы жұмыс істейді. Оқу бағдарламамызда барлық өңірдің күйлері, мектептері тегіс қамтылған, қатар алып жүрміз. Бірақ Құрманғазы, Дәулеткерей, Динаның күйлері бәрінен де өтімді. Неге? Мұның себебі өте тереңде жатыр. Мәселен, бұлардың шыққан жері – Нарын өңірі, Жәңгір ханның, Бөкей ханның қоныстанған аймағы. Үшеуі де осы құмның ішінде, бір топырақта туған. Біз кеңестік кезеңде өңір тарихын өнермен жете байланыстырып зерттеуді қолға алған жоқпыз. Ал бұл аймақ – Пушкин келген, кешегі Пугачев көтерілісінің баспалдағы болған, оның қасына ерген қашқындардың қоныстанған жері. Бұл – бір. Екінші – Сырым батыр көтерілісі басылғаннан кейін немесе Бөкей ордасы құрылғаннан кейін көшіп барған қазақтың үлкен зиялыларының басы қосылған жер. Үшіншіден, Исатай-Махамбет көтерілісі басталған жер. Құрманғазының атақты «Кішкентай», «Сарыарқа», «Серпер», Дәулеткерейдің «Жігер», «Топан» сияқты дауылпаз күйлері әлгіндей тарихи кезеңге байланысты туған. Ахмет Жұбановтың «Махамбеттің «Қайран, Нарын», «Жұмыр, Қылыш» күйлері – Құрманғазының «Кішкентайының» ата күйі» деген сөзі бар. Яғни Махамбеттің арқасында Құрманғазы күй өнерінің атасы, Дәулеткерей бабасы болып отыр. Махамбет те Абай сияқты орысша сауатты, білімпаз, Абайша мектеп қалыптастырған адам. Батыр Жәңгір ханның сарайында жүргенде оның жыр-толғауы, мақамы барынша дәріптелген. Кейін бәріне тыйым салынып, қайталаушылар, жалғастырушылар тегіс қуғындалған. Міне, осыдан барып халықтың мұң-мұқтажын, кегін тілмен емес, күй арқылы баяндау арқылы күй жанры дәл осы жерде қатты дамып кетті. Құрманғазы, Соқыр Есжан, Абыл, Қазанғап, Дәулеткерей сынды күйшілер Махамбеттің мақамын күйге айналдырып жіберді. Қысқасы, олардың күйлері, негізінен, Махамбеттің ықпалымен туған. Сөйтіп, Нарын өңірінде күй өнері бұрын-соңды болмаған кәсіби деңгейге көтеріліп, жеке жанр ретінде ән-жырдан бөлініп шықты. Мұны теория жүзінде дәлелдеген – Құдайберген Жұбанов. Құм ішіндегі қашқындармен, ал оның ішінде неше түрлі халықтан шыққан өнерлілер болған, отаршыл орыстармен, қысқасы, түрлі мәдениетпен араласудан халықтың ішінде даланың консерваториясы ашылды. Сөйтіп, күйдің Нарын өңірінде Еуропаның симфониялық музыкасынан мысқалдай кем емес, бұрын-соңды болмаған кәсіби деңгейде дамып кетуі заңдылық. Құрманғазының, Дәулеткерейдің күйлерін Батыста орындаған кезімізде еуропалықтардың талай рет бізге «Бұл композиторлар қай консерваторияны бітірген?» деп сұрақ қоюы тегіннен тегін емес. Ал шертпе күйлердің ішіндегі ең күрделісі, төресі – Тәттімбеттің «Саржайлауы» десек, оны Құрманғазы, Дәулеткерей күйлерінен қалайша кем дейсіз? Себебіне үңілсеңіз, Тәттімбет кезінде Дәулеткереймен бірге патша сарайында болып, күй тартқан. Айналып келгенде, бәрі де білімпаз адамдардың, шоқтығы биік тұлғалардың бір-бірімен тығыз қарым-қатынасынан, жақын араласуынан туған. Ал енді кейбір өңірдің күйлері «Ақжелең» секілді жеңіл, би жанрында немесе күнделікті күйбең тіршілікті, жеке бастың өмірін толғау түрінде келіп, шағын диапозонда қалып қойған. Осы тұрғыдан алғанда, шертпе күйдің дәл төкпе күйше дамымай қалуын Ахмет Жұбановтың мойнына артып жүрген адамдар қатты қателеседі. Қазақтың өнері бір өнер, бәсекелес, бақталас емес, қайта өзара сабақтас, бірін-бірі толықтырып отырады. Шындығында, «төкпе» және «шертпе» деп бөлу – күйді өнер ретінде шектеу. Менің шығарған күйлерімнің тең жартысы шертпе күй. Шын палуанға оң-терісі бірдей. Жаңағыдай байбалам салушылар – өз аймағымен шектеліп, басқа өңірдің күйін тарта алмайтындар, кәсіби деңгейі жетілмегендер. Мысалы, Дина шешем шертіп те, лақтырып та, төгіп те тартады. Ол кісі Арқада, не Жетісуда туды дейсіз бе? Осының бәрін мен көзім жеткеннен кейін айтып отырмын. Білмейтін жұрт «Қазақстанның батыс өңірінің бәрінде күйшілік ту тіккен» деп ойлайды. Олай емес, күйшілік бәрінде дамымаған. Мәселен, Маңғыстау өңірі – ән-жырдың мекені, күйлері жеңіл. Негізі, батыс аймақтағы күйдің классикалық дамыған жері – Нарын құмы, Бөкей ордасы ғана. Ахмет Жұбановтың өзі Ақтөбеде туса да, Құрманғазыны іздеп жүргені сондықтан. Менің «күй терең даму үшін ол жерлерде Исатай-Махамбет көтерілісі жүріп өту керек еді» дейтінім де сондықтан ғой.
– Сізді музыкатанушылар домбырада ойнаудың жаңа стилін, үлкен сахнаға лайық динамикалық, эстрадалық стильді қалыптастырушы ретінде атайды. Осындай үлкен сахнаға лайық стиль арқылы көнекөз шеберлердің қолтаңбасынан айырылып қалмаймыз ба? Себебі «Жастардың арасында төкпе күйдің хас шеберлері жоқ, тек сауатты ноталық орындаушылар ғана бар. Оның үстіне, қазіргі жастар күйді жау қуып келе жатқандай орындайды. Мұның бәрі музыкалық оқу орындарында күйдегі жеке орындаушылықты бірінші орынға қоймай, оркестрмен орындауға баулудан, яғни оркестрге еліктеуден туындап отырған жағдай» деген пікірлерді естіп, біліп жүрміз. Осыған ұлағатты ұстаз ретінде не дейсіз?
– Құрманғазының «Сарыарқасын» жеке домбырада ойнаған қандай, оркестрмен ойнаған қандай?! Оркестр жеке домбыра жеткізе алмас бояуларды жандандырып, түрлентіп, дүр сілкінтіп әкетпей ме? Міне, оркестрдің керек жері. Қазір консерваторияда бір мезгілде 200 домбырашы қосылып «Сарыарқаны» ойнай алады. Мысалы, қала күнінде осылай шығардық. 200 емес, 20 мың адамды стадионға жинап та «Сарыарқаны» ойнатуға, бір жазда дайындап шығуға болар еді, шіркін. 50-жылдары бүкіл Қытайды, 60-70 жылдары француздарды орындарынан тік тұрғызған, қазақтың қазақтығын танытқан – осы Құрманғазы оркестрі емес пе? Ғасырда бір туатын Динаның өзі «Құрманғазы» оркестріне риза болып кеткен жоқ па? Жеке домбырамен дәл бұлайша таңғалдыра алмайсың. Оны ары қарай дамытпасақ, онда біз не үшін жүрміз? «Дәстүрлі күй өнері құрып барады» деушілердікі құр байбалам. Табиғилық деген не өзі? «Ақсақ құлан» күйі бұрын 3-4 ескі күйден тұратын, дәл сол қалпында бүгінде ешкім тыңдамас та еді. Бұрынғы ескі түрі ғылым үшін, тарих үшін ғана керек. Уақыттың өзі мұхит суындай, керек емесін лақтырып тастап отырады. Құрманғазы, Дина күйлерін орындауда тіпті оркестрдің де күші келмейді, сондықтан соңғы шыққан электрондық аппаратураларды қолдануға тура келеді. Әрине, классикалық күйлердің құрылысы өзгермеу керек, ал оның бояуын қалай арттырып, қалай құбылтады, ол – ізденіп жүрген адамға байланысты. Кейбір шертпе күйлерді оркестрмен шығара алмайсың, олай етсең өзінің құнын жоғалтуы мүмкін. Ол – басқа әңгіме. Домбыра дыбысын көбейту тәсілдерін қазір Асылбек Еңсепов ініміз еңсеріп жүр. Халық аспаптарының ішінде өзінің табиғилығын, бояуын, тембрін сақтап қалған бірден-бір аспап – домбыра. Домбырамен кез келген музыканы кез келген елде ойнауға болады, ал басқа аспаптар шектеулі. Және домбыраның дыбысын бере алмайды. Айтарым, күй өнері азып бара жатқан жоқ, қазір қайта бұрын-соңды болмаған дәрежеде дамып келеді.
Шәкірттерім, жастар жөнінде айтсам, Айгүл Үлкенбаева, Салтанат Құдайбергенова кімнен кем? «Құрманғазы», «Отырар сазы» оркестрлерінде, облыстарда, түкпір-түкпірде қаншама дарынды жастар бар. Олардың орындаушылығы, күйшілігі бізден кем емес. Әрине, қалалық өмір, өркениет өз дегенін істейді. Біз кең далада, табиғатпен тілдесіп өстік. Сол тұрғыдан алғанда, қазіргі домбырашы жастарда кішкене табиғилық жағы кемдеу болуы мүмкін. Бірақ білім, зерде жағынан олай деп айта алмайсың.
– Елімізде, Құдайға шүкір, біраз ұлт аспаптар оркестрі бар сияқты. Бірақ осының бәрі «Құрманғазы» оркестрінің көлеңкесінен шыға алмай жүрген жоқ па?
– Барлық облыстарды қосқанда, елімізде 20 шақты домбыра оркестрі бар. Ешбір халықта, мемлекетте мұндай оркестр жоқ. Дұрыс айтасыз, өкінішке қарай, бәрі Құрманғазы оркестрін қайталап отыр. Негізінде, олай болмау керек. Олай болмау үшін халық қазынасы – қазақ музыкасының үлкен лабораториясын жасау, қалыптастыру керек. Халық мұрасын түгел жинап, оркестрге түсетінін түсіріп, түспейтінін бөлек іріктеп шығарған жөн. Көзіміз тірі кезінде біздерді пайдаланып дегендей, өнерде билігі барлардың халық шығармашылығымен түбегейлі шұғылданатын уақыты келді.
– Кислицынның домбыралары жеке орындаушыларға арналған. Романенконың оркестрге лайықтап жасаған домбыралары жеке орындаушылыққа келмейді. Қазіргі дүкенде, базарда сатылатын осындай домбыралар халықтың талғамын бұзып жатқан жоқ па? Ата-бабамыз бұрын қобызға жылқының қылын, домбыраға қойдың ішегін таққан дейміз, сонан ба, сол кездегі домбыраның қоңыр үнінен қазір ажырап қалғандаймыз. Мәселен, Дина шешеміздің өз орындауында күй тыңдап жүрміз, домбырасының үні шіңкілдек емес, қою, қоңыр дыбыс...
– Бұрын, уақытында қарттардың қой ішегін таққан тоғыз пернелі, кішкентай домбыралары болды, қазір ол мұражай үшін керек. Қойдың, ешкінің ішегі бір-екі күн тартсаң, түтіліп қалады. Жапондар, немістер қазір нейлон, капрон ішектер шығарып жатыр. Тіпті скрипканың ішегін алтын мен күмістен де істеп жатыр. Қойдың ішегін тағуға сізге ешкім тыйым салмайды. Тағыңыз да, тартыңыз. Бірақ жұрт сізден сахнада дыбыс сұрайды ғой. Кешегі Нұрғиса қойдың ішегін көрмеді дейсің бе? Айтса сол кісілер айтар еді ғой. Жалғыз қазақ емес, қытайың да, орысың да кезінде қойдың, бұзаудың ішегін таққан. Оны келіп бүгін бүкіл жұртқа «тақ» деп таңуға бола ма? Романенконың домбыралары – ең мықты концерттік аспаптар. Қазіргі шеберлердің керемет домбыралары сол кісінің үлгісімен жасалып жатыр. Қақпағының жабылуы, ішкі құрылысы дегендей өзінің үлкен ғылыми есебі бар. Қалыптасқан құлақ күйі бар. Осының бәрін қойдың ішегіне ауыстырсақ не болады? Мұны айтып жүргендер алдымен оны ғылыми түрде дәлелдесін.
– Сіз «Үкілі байқау» басталғаннан бері қазылар алқасының төрағасы болып келесіз. Осы байқауда «қазылар домбыраны құлақ күйіне қарап емес, дизайнына, қымбат ағаштан, мәселен, қызыл ағаш, жаңғақ, қайың ағашынан жасалғанына қарап бағалайды» деседі. Бұған не дейсіз?
– Қарағайдан шапқан қалақтай домбыраның заманы өтіп кетті ғой. Қазір домбыра жасаушылар дүниежүзіндегі өркениетті елдердің үлгісімен, солардың тәсілімен бұйра қайың, қызыл ағаш, жаңғақ ағашынан домбыра жасап, ұлттық аспаптарды жетілдіріп жатыр, сапасы өте жоғары. Мұндай сапа бұрын-соңды болып көрген жоқ. Музыкалық аспаптарын жаңағыдай қымбат ағаштардан арнайы жасайтын дүниежүзінің алдыңғы қатарлы озық елдері ақымақ емес, терең білім бар оларда.
– «Қашаған перне ұғымы музыка зерттеушілердің еңбектерінде ғана қалып, іс жүзінде жойылып кетті» деген пікірмен келісесіз бе?
– Бұл да – теріс пікір. Ол – жойылған жоқ, оны айтып жүргендер – қолынан келмейтіндер. Қашаған перне шебер орындаушылардың қолында. Мәселен, біздің дегендей. Бұрын 9 пернені азырқанғандар керек саз үшін қашаған перне қолданған. Музыка тілімен айтқанда, ол – жарты тон, жарты тонның жартысы, оның жартысы дегендей. Кейінгілерден Әбікен Хасенов, Дина шешеміз, кешегі Нұрғиса ағамыз осы қашаған пернелерді қолданған. Мағауия Хамзин оймауыт перне арқылы қашаған дыбыстар шығарған. Жалғыз домбыра емес, бұл – дүниежүзілік аспаптардың бәрінде бар нәрсе.
– Әбікен Хасеновтің «Қоңыры» Тәттімбеттің Кенесарының қазасына арнап шығарған күйі екен» деген әңгіме айтылады. Осыған білгір күйші ретінде не дейсіз?
– 70-жылдары қолыма Әбікеннің «Қоңыр» күйі жазылған күйтабақ түсті. Күні-түні тыңдаймын. Бір қарт домбырашы «тартпа, сотталып кетесің» деп тыймақ та болған. Содан Әбікендікіндей қайғылы емес, махаббат күйі ретінде сахнаға шығаруыма тура келді. Оны Ақселеу ағамыз біліп қалған екен, бірде бұрмалап тартқанымды ескертті. Мен «заман солай ғой» деп, күлдім де қойдым. Кейін менің орындауымда «Қоңыр» дүниежүзін шарлап кетті. АҚШ, Еуропа, Азия халқын күйге ұйыту үшін алдымен «Қоңырды» тарттым. «Қоңыр» арқылы күйге бағындырдым. Мен Әбікеннің бәйбішесімен көп кездесіп, әңгімелескен адаммын. Кенесарыны қайдам, Әбікен мұны «Сәкен Сейфуллиннің қазасына арнаған» деген сөз бар. Егер ол Әбікеннің күйі болмаса, оны Мағауия Хамзин айтып кетер еді ғой. Глинканың сөзіне салсақ, «Қоңырдың» арқауы халықтікі болғанмен, әуені Әбікеннің өзінікі. Мәселен, Сүгір болмаса, Төлеген болмас еді, Төлегеннің шебер тартысы болмаса, Сүгір де танылмас еді. Мысал керек пе? Құрманғазының «Байжұмасын» шебер тартқасын Уақапқа теліп жіберген. Ал Динаның «Байжұмасын» күй ғып шығарған – Рүстембек Омаров. Дәулеткерейдің «Байжұмасын» күй қылған – Науша. Құрманғазының 80-ге жуық күйі бізге Дина мен Уақап Қабиғожиннің арқасында жетті. Нағыз күйшілер таласпайды, оларды таластыратын – рушылдық, жершілдік деңгейінде қалған шолақ ойлылар. Нұрғиса ағамыздың, «Қаршыға, мен сенен «Аққу» күйін қызғанбаймын» деп дүйім жұрттың алдында қадап тұрып айтқаны бар. Егер мен тартпасам, осы «Аққу» дүниежүзіне танылар ма еді?! Сол сияқты талас тудырып жүрген «Қосбасар» мен «Бозінгеннің» сүлдесін Сүгір шығарды десек те, күй қылған Төлеген Момбеков, сондықтан да дұрысы – Сүгір мен Төлегендікі деп қоса атау. Негізінде, екеуінің қолтаңбасы екі бөлек. Төлегенді көрдік, ол – бір періште, әулие адам.
– «Ахмедияров Махамбетті «меншіктеп» алып, оған өзі шығарған күйлерін теліп жүр, оның «араласуымен» ақын күйлері бүлінген» деген пікірлер толастады ма?
– Мұны айтып жүргендер – өздері күй тартпайтын «теоретиктер». Махамбеттің 11 күйі менің орындауымда компакт-дискіге шығарылды. Бәрі ақынның өз күйі. «Батырлығы мен жыраулығы жетпей ме?» деп күйшілікті Махамбетке қимайтындардың шығарып жүргендері бәрі. Менен бұрынғы орындаушылардан жазып алынған күй лентасы ескіріп тозған, көп жері үзік-үзік, одан кейін ел ішінен жиналған күйлер бар. Яғни Махамбеттің өршіл күйлерін өз деңгейіне келтіру үшін күй өлшемінің өзгеріске ұшырауы – заңдылық. Күйді нотаға түсірудің өзіндік заңдылықтары бар ғой. Күй – жансыз зат емес, онда жүрек сезімі, көңіл толқындары жатыр. Қанша жерден жүйелегенімізбен, одан күйдің табиғатына, тақырыбына, мазмұны мен сазына келген нұқсан жоқ.
– «Мәңгілік сарын» қазақ күйлерінің антологиясы компакт-диск болып шықты. 255 күй енгізілген 9 күйтабақта күй мектептері, олардың көрнекті өкілдері толық қамтылды ма, орындаушылар легі көңіліңізден шықты ма?
– Бұл – үлкен еңбек, дегенмен ішінде көңілден шықпайтын нәрселер көп. Бұрын жазылған құнды дүниелерді қайта шығаруға сай келмейтін адамдарды сахнаға шығаруға болмайды. Мәселен, 1934 жылы үлкен слет болып, оған халық ішіндегі танымал өнер майталмандары түгел шақырылды. Соның арқасында Құрманғазы оркестрі құрылды. Сол сияқты мұндай жерге үлкен талғаммен және қалдырмай шақыру керек. Кейбір орындаушылардан қарның ашып қалады. Ондайлар өнердің құнын түсіреді. Кешегі Рысбай, Әбікен, Мағауияның дәрежесіндегі орындаушылар ғана шығуы керек еді. Әрине, ауылдан келген, өнерін көрсеткен ақсақалдарға рақмет. Бірақ бармақ басты көз қысты, қылып, өзінің ауылдағы ағайын-туыстарын алып келушілік мұнда, енді, баршылық. Өнер мұны көтермейді. Алдын ала қатаң електен өткізіп барып, шығару керек қой. Бұл – тек менің ғана ойым емес, күй тыңдаушы халықтың пікірі.
– Астанада Үлкен орган залын аштық...
– Сұрағыңыңызды түсіндім. «Қазаққа орган қажет пе?» деп отырсыз ғой. Орган дүниежүзінің бәрінде бар, ал бізде неге болмасқа? Ғ.Несіпбаев деген қазақтың жігіті сол органды меңгеріп, орган класын жүргізіп отыр, осы үшін-ақ мақтанып, сол үшін-ақ алдыруға неге болмайды?! АҚШ-та 200-ден астам симфониялық оркестр бар, Астанада мемлекеттік симфониялық оркестр енді ғана ашылып жатыр. Ондай оркестрсіз Мұқановтың, Төлебаевтың операларын кім орындайды? Мәселен, фортепьяно дүниежүзі халықтарына ортақ, мектепте, балабақшада болса да, міндетті түрде тұру керек. Жас ұрпақ ұлттық аспаппен шектелмей, әлемдік музыка мұрасынан хабардар болуы қажет. Соларды көріп, біліп, тыңдау арқылы ғана төл музыкамызды дамыта аламыз. Органды тыңдамасам, мен күйімді қалай дамыта аламын? Ендеше, осының бәрі төл музыкамызды дамыту үшін жасалынып жатқан шаруалар.
– Үлкен сахнада жеке шығармашылық кешіңізді өткізу ойыңызда жоқ па?
– Жеке кешімді 60 жылдығымда өткіздім. Денсаулыққа байланысты қазір алыс жолда көп жүре бермеймін. «Қаршыға күй тартсын» деп көпшілік сұрап жатса, Мәдениет министрлігінен ұсыныс болып жатса, шақыратын жер болса, қарсы емеспін, мен оған дайынмын.
– Денсаулық демекші, Қытайда ауыстырған бүйрегіңіз ол жаққа «бүлкілдемей ме?»
– Бүйрек салдырып аман қалғаным, бірінші – Құдай, екінші – Иманғали Нұрғалиұлының, ол кезде Атырау облысының әкімі, арқасы. Ол ініме өмір бойы қарыздармын. Осы күнге дейін бір таңғалатыным, Қытайда бүйрегімді ауыстырып жатқан мезетпен дәлме-дәл, тұспа-тұс Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың қорғаныс министрімен кездесіп жатты. Бұл дәл солай келісілген жағдай ма, жоқ, табиғаттың сәйкес келістірген бір құдіреті ме деп, қайран қалам. Ал Қытайға әлі күнге тексерілуге барып тұрам.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Төреғали ТӘШЕНОВ

"Айқын" газеті, №84(780), 12.05.2007 ж.

Байланыс ақпараты

Қосымша ақпарат алу үшін, бізбен байланысу немесе бағдарламаларға қатысуға өтініш беру үшін келесі байланыстарды пайдалана аласыз:

Мәдениет пен креативті индустрияны қолдау қоғамдық қоры «Cultural Legacy Fund».

Мекенжай: Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, ғимарат 55/22, блок С 4.3., 246 кабинет.

Электрондық пошта: info@culturallegacyfund.kz, Impresario@culturallegacyfund.kz

Байланыста болыңыз

«Cultural Legacy Fund» қорының жаңа бағдарламалары, мүмкіндіктері және мәдени бастамалары туралы хабардар болу үшін біздің сайтқа және әлеуметтік желілерге жазылыңыз.

"TORUS.KZ" ЖШС жасаған
© 2025 Барлық құқықтар қорғалған